Дәрігер Шумковты өлтірген қылмыскер 18 жылға бас бостандығынан айырылды
"Сотталушы Нұржан Тұрсынбаевқа бірден ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша жалпы 18 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын", - деді судья Еркін Майшынов.
Сотталушыға бірден ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша айып тағылды:
- ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі («Адам өлтіру»);
- ҚР Қылмыстық кодексінің 115-бабы («Қорқыту»);
- ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабы, 2 және 3-бөліктері («Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру»);
- ҚР Қылмыстық кодексінің 291-бабы, 4-бөлігі, 2-тармағы («Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды ұрлау немесе қорқытып алу»);
- 380-баптың 1-бөлігі («Билік өкіліне қорқыту немесе күш қолдану әрекеттері»).
Қылмыскер жазасын барынша қауіпсі мекемеде өтейді. Ол марқұмның отбасына 15 миллион теңге өтемақы төлеуге тиіс.
10 қаңтар күні гастроэнтеролог Юрий Шумковтың өліміне қатысты іс бойынша өткен сот отырысында прокурор айыпталушыны қатаң режимдегі мекемеде 20 жыл бас бостандығынан айыруды сұраған еді.
Белгілі гастроэнтеролог Юрий Шумков 2022 жылы 4 сәуірде Алматыдағы көлік тұрағында кісі қолынан қаза тапты. Кейін полиция қылмыскердің дәрігерге бірнеше рет барған клиенті екенін анықтаған. Дәрігерді өлтіргенге дейін айыпталушымен кездесу туралы Юрий Шумковтың әріптесі де айтты.
2022 жылы 22 қарашада Шумковтың жесірі сотта сөз сөйледі. Ол өтемақы ретінде 105 миллион теңге талап етті.
2023 жылдың 4 қаңтарында сот отырысында сотталушы Юрий Шумковты қалай атқанын айтып берді. Ал 6 қаңтардағы отырыста айыпталушы дәрігердің анасы мен жесірінің моральдық және материалдық шығынды өтеу туралы талабын қабылдады.