Алматы облысындағы колония басшысының орынбасары қызметінен босатылды
Қаңтар айында әлеуметтік желілерде Алматы облысындағы колонияда заңсыз әрекет жасалды деген ақпарат пайда болған. Осыдан кейін Түзеу қызметі департаменті тексеру жүргізді.
Тексеру барысында сотталғандардың бірінің туыстары мекеме әкімшілігіне арыз түсіргені анықталды.
"Қолония қызметкерлерін заңсыз әрекет жасады деп айыптаған сотталғандардың туыстары БАҚ өкілдеріне шағымданамыз деп қорқытқан. Мекеме басшысының орынбасары қолданыстағы заңнаманы бұза отырып, сотталғанды бақылау-өткізу бекетінің темір торы арқылы колонияға келген туыстарына көрсетуді бұйырды".Алматы облысы бойынша ІІД баспасөз қызметі
Артынша бұл жағдай БАҚ өкілдеріне сыбайлас жемқорлық құрамы бар заңсыз кездесу ретінде ұсынылған.
"Сол сияқты, бейнежазбада көрсетілген басқа да фактілер бойынша қолданыстағы нұсқауларды бұзу фактілері бойынша қызметтік тексеру барысында сыбайлас жемқорлық құрамдары анықталған жоқ".Алматы облысы бойынша ІІД баспасөз қызметі
Қызметтік тексеріс қорытындысы бойынша жіберілген заң бұзушылықтар үшін мекеме басшысының орынбасары қызметінен босатылды. Оған қоса мекеме басшысы бастаған басқа да бірқатар қызметкерлер қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бұған дейін Алматы облысындағы колония басшысының орынбасарына қатысты тергеу жүріп жатқаны хабарланған еді. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабының 2-1-бөлігі («Лауазымды адамның пайда алу мақсатында қызмет мүдделеріне қайшы келетін қызметтік өкілеттіктерін пайдалануы») бойынша қозғалғаны хабарланды.