Түркияда жер сілкінісінен кейін тоғыз күн өткенде үйінді астынан ағайынды екі жігіт құтқарылды
Сурет: Anadolu Agency
14 ақпанда үйінді астынан 17 жастағы Мұхаммед Энес Йенинар мен оның ағасы 21 жастағы Баки Йенинар шығарылды. Жігіттер ауруханаға жатқызылды, деп жазды Anadolu агенттігі.
Құтқарушылар апат аймағынан аман қалғандар әлі де табылатынына үміттенеді. Ақпанның 12-сі күні түрік құтқарушылары жүрек тебірентерлік кадрлармен бөлісті. 140 сағаттай үй қирандысының астында жатқан 7 айлық сәби құтқарылды.
11 ақпанда Түркияның Адьяма қаласында жер сілкінісі болғаннан кейін 114 сағат өткен соң үйінді астынан 10 жасар бала шығарылды.
6 ақпан күні таңертең Түркияда бірнеше күшті жер сілкінісі болды. Кейінірек Түркияның орталық бөлігінде магнитудасы 7,8 болатын тағы бір жойқын жер сілкінісі тіркелді.
Түркияның оңтүстік-шығысында болған алапат жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 31,6 мыңнан асты.