Серік Күдебаев сотқа мәжбүрлі түрде жеткізілмек
"Жауапкер сот отырысына келмегендіктен, жауапкерде себептердің негізділігін растайтын мәліметтер жоқ", - деді Алматы облысының соты.
Осыған байланысты ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 157 және 335-баптарына сәйкес, сот Күдебаевты көрсетілген мерзімге мәжбүрлеп әкелу туралы қаулы шығарды.
Серік Күдебаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы 3 сәуір таңғы сағат 10.00-ге шегерілді.
28 ақпанда прокурор Алматы облыстық полициясының бұрынғы басшысы Серік Күдебаевты 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. 31 қаңтарда Серік Күдебаев қаңтар оқиғасы кезінде Талдықорғаннан не үшін кеткенін айтты.
2022 жылдың 13 мамырында Серік Күдебаевтың қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылғаны белгілі болды. Бас прокуратураның хабарлауынша, Алматы облысы ДПД бұрынғы басшысы «қызметтегі ауыр зардапқа себеп болған әрекетсіздік» деген күдікке ілінген.
Серік Күдебаев 2020 жылдың қаңтарынан бері Алматы облысының полиция департаментінің бастығы қызметін атқарды. 2022 жылдың 18 ақпанында ішкі істер органдарынан өз еркімен босатылған.