Таразда мәжілісмен Жигули Дайрабаевтың ұлдарына сот үкім шығарды
Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Құлкеев, кәсіпкерлер Дидар Молдақалық пен Марат Дайрабаев, сондай-ақ Елібай Елжан субсидиялау тәртібін бұзған.
Сот таратқан мәлімет бойынша, олар сатып алынған "Альбион" құлпынай көшеттері үшін (оларды шаруа қожалықтарына рәсімдеп) мемлекеттік субсидиялар алған. Қаражаттың бір бөлігі алаяқтық жолымен ұрланып, жеке қажеттіліктеріне жұмсалған, осылайша мемлекетке 550 849 430 теңге көлемінде залал келтірген.
Прокурор қылмыстардың жиынтығы бойынша Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалыққа 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын шартты түрде тағайындауды, Ерлан Құлкеевке 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасын; Елібай Елжанның мүлкін тәркілеп, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушылар кінәлерін мойындамай, ақтауды сұрады. Жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайға Құлкеевтің кәсіби антты бұзғанын, ал жеңілдететін жағдайларға соттылықтарының болмауы мен Құлкеевтің, Дайрабаевтың, Молдақалықтың жас балаларының болуын жатқызды.Тараз қаласы №2 сотының баспасөз қызметі
Сот үкімімен Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалыққа мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айыра отырып, түпкілікті әрқайсысына 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы, пробациялық бақылау белгілене отырып шартты түрде тағайындалды.
Ерлан Құлкеев кінәлі деп танылып, қылмыстардың жиынтығы бойынша оған түпкілікті 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан айырылды.
Елібай Елжанға мүлкі тәркіленіп, кез келген меншік нысанындағы ұйымдарда басшылық лауазымды атқару құқығынан айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.