Түркістан облысының тұрғынын пышақпен қорқытып, 5 млн теңге бопсалаған күдіктілер ұсталды
Жәбірленушінің айтуынша, оны белгісіз біреулер пышақпен қорқытып, күш қолданып, 5 миллион теңге бопсалаған. Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 194-бабы 3-бөлігі (Қорқытып алу) бойынша тіркеп, күдіктілерді анықтауға кірісті.
Ақпарат бойынша қылмысты ашуға, күдіктілерді ұстауға бірден Түркістан облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының тәжірибелі қызметкерлері мен жедел-тергеу тобы жұмылдырылды.
Төлеби ауданының аумағында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген полицейлер 5 млн теңге көлеміндегі ақшаны алып тұрған жерінен 2 жігітті ұстады.
Олардың біреуі бұрын сотты болған, Төлеби ауданының тұрғыны. Жедел уәкілдер тінту кезінде күдіктілерден жәбірленушінің қаражатын тәркіледі. Сондай-ақ күдіктілердің бірінің үйін тінту кезінде алты оқ табылды.
Тиісті сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Болған оқиғаның толық мән-жайы мен күдіктілердің басқа да қылмыстарға байланысы бар-жоғы анықталып жатыр.