Астанада алты көлікті іліп кеткен КамАЗ жүргізушісі ұсталды
Полицейлер іздестіру іс-шаралары барысында жүргізушіні кім екенін анықтады. Ол елорданың 60 жастағы тұрғыны болып шықты.
"Оған қатысты 611 бап - "Көлік құралдары жүргізушілерінің көлік құралдарына, жүктерге, жолдарға, жолдың және басқа да құрылғыларға немесе өзге де мүлікке зақым келтіруге әкеліп соққан, материалдық залал келтірген жол қозғалысы ережелерін бұзуы" және "Жүргізушінің жол-көлік оқиғасы болған жерді жол қозғалысы ережелерін бұза отырып тастап кетуі" деген 610-бап бойынша бірден екі әкімшілік іс қозғалды. Жиналған материал түпкілікті шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жолданды", - деп хабарлады Астана қалалық ПД баспасөз қызметі.
Айта кетсек, Астанада 7 сәуірде таңертең Камаз жүргізушісі Циолковский көшесімен Абай даңғылына қарай жүріп келе жатқанда жол шетінде тұрған алты көлікті іліп кеткен. Бірнеше метр жүргеннен кейін жүргізуші көліктен секіріп түсіп, оқиға орнынан ізін суытқан. Астана қаласы полиция департаментінің хабарлауынша, жол апаты салдарынан құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ.