Шымкентте алғашқы неке түнінде қалындығын өлтірген ер адам 9 жылға сотталды
Otyrar.kz мәліметінше, сот оны кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады
Қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының хабарлауынша, ер адамға Қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігімен айып тағылған. Оның қылмыс жасаудағы кінәсі сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жинақталған дәлелдемелермен расталған. Сотталушы жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейтін болады.
"Жаналиевке қатысты сот үкімі шықты. Ол некесін қидырған түні өліме әкеліп соққан жәбірленушінің денсаулығына қасақана зиян келтірді деп танылды. Оған 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", делінген хабарламада.
Сотталушы өз кінәсін мойындамады.
Айта кетсек, қанды оқиға өткен жылдың 26 маусымында Д.Қонаев гүлзарындағы пәтерде болған. 32 жастағы марқұм Н.Назарбаев зияткерлік мектебінде мұғалім боп жұмыс істеген.
Қоғамдық резонанс тудырған оқиға бойынша қайтыс болған әйелдің анасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұраған болатын. Қызынан айырылған ананың айтуынша, қанды қылмыстың орын алғанына екі айға жуық уақыт өтсе де күдікті болған күйеу баласы ұсталмаған. Кейінірек Полиция департаменті ер кісіге халықаралық іздеу жарияланғанын мәлімдеді. Дегенмен қайтыс болған әйелдің анасы Мемлекет басшысынан көмек сұрап, видеоүндеу жарияланған соң полицейлер көп ұзамай күдіктіні ұстады.
Марқұм әйелдің анасы күйеу баласына берілген жазаның тым жеңіл болғанын алға тартып отыр.