Алматыда бес адамды өлтірген Игорь Дужновтың әйелі "өзімді өртеймін" деп байбалам салды
Сот қаулысын орындауға келгендер ешкімге көнбей тұрған әйелге "есікті бұзып кіреміз" деп, соңғы рет ескертті. Ескерту еленбеген соң арнайы мамандар құрал-саймандарымен қақпаның есігін ашқаны сол еді, Анаида Демирчян "өзімді өртеймін" деп айғайға басты, деп мәлімдеді КТК тілшісі.
Анаида Демирчян тірі жанды ішке кіргізгісі жоқ. Көп ұзамай арнайы жасақ, полиция қызметкерлері мен өрт сөндірушілер де осында жетті. Бір жарым жыл бұрын дәл осындай шара кезінде Дужнов екі полицейді, сот орындаушысын, үйдің жаңа иесі мен оның досын атып тастаған еді.
Анаида Демирчян үйді бәрібір босатпайтынын айтқан.
"Бар-жоғы 75 миллион теңге қарызбын. Ол ақшаны менің коммерциялық нысаным жабады. Сұлулық салоныма қатысты іс азаматтық сотта қаралып жатыр". Анаида Демирчян
Сот орындаушы Алмасбек Сансызбайұлы Игорь Дужновтың отбасын алаяқтар деп айыптады.
"Қайтыс болған адамның бала-шағасы мұраны қабылдады. Сол мұрагерлер сот шешімін орындауға бізге берген. Өз әкеміздің, не шешіміздің жұмысымен келген жоқпыз мұнда. Соттың шешімі. Мұны мен орындамасам, басқа біреу орындайды. Бұл кісілер, таза, былай айтқанда, алаяқтар. Біреудің үйіне кіріп алып, шықпай отыр", – дейді Алмасбек Сансызбайұлы
2021 жылдың қыркүйек айында Игорь Дужнов сот қаулысын орындауға келгендерге аңшы мылтығымен оқ жаудырған. Ақбұлақ ықшамауданындағы қанды оқиғадан екі полиция қызметкері, сот орындаушысы, үйдің жаңа иесі мен оның досы қаза тапты.