"Алматы жастары" бағдарламасының алғашқы нәтижелері белгілі болды
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі 30 маусымда хабарлағандай, бағдарлама аясында барлығы 11 104 өтініш түскен. Олардың басым бөлігі білім беру (4006) және денсаулық сақтау (2781), одан кейін жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары (1324), құқық қорғау органдары (788), әлеуметтік қызмет (786), коммуналдық қызмет (545), мәдениет саласының қызметкерлері (534), спорт (186) және БАҚ (154).
Осы өтініштердің 3631-і мақұлданды.Олар салалар бойынша былай бөлінді:
- Денсаулық сақтау – 861
- Білімі – 1389
- Мәдениет – 242
- Спорт – 57
- Жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары – 477
- БАҚ - 85
- Әлеуметтік сала – 31
- Құқық қорғау органдары – 410
- Коммуналдық қызметтер – 79
"1100 үміткердің салалар бойынша жинаған ұпайларына байланысты "Отбасы Банкі" АҚ төлем қабілеттілігін растау үшін сайттағы жеке кабинетке жолдама беріледі. Жолдама алған үміткерлер 15 жұмыс күні ішінде "Отбасы Банкі" АҚ кез келген қызмет көрсету орталығына хабарласуы қажет. Төлем қабілеттілігін растаған қатысушылар 45 күнтізбелік күн ішінде бастапқы және қайталама нарықта баспана таңдай алады", - деп түсіндірді Алматы әкімдігі.
Бағдарламаның 2 531 қатысушысы негізгі тізімдегі қатысушылар төлем қабілеттілігін дәлелдегенше резервтік тізімде қалады.
Бағдарлама бойынша 7473 адам іріктеуден өтпеді. Өтпеуінің негізгі себептері:
- жұмыс орнының бағдарлама талаптарына сай келмеуі;
- меншікте тұрғын үйдің болуы;
- кейінгі бес жылда тұрғын үйді иеліктен шығару;
- кейінгі алты айда зейнетақы жинақтарының болмауы;
- отбасының барлық мүшесінің Қазақстанда тұрғын үйінің болуы/болмауы туралы анықтамаларының болмауы;
- балалардың тууы және некені бұзуы туралы сканерленген куәліктерінің болмауы.
«Алматы жастары» бағдарламасы бойынша өтініштер мен құжаттарды қарау нәтижесі толығырақ жақында almaty-zhastary.kz сайтында жарияланады.
Былтыр «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша түскен 11 мың өтініштің 1676-сы ғана мақұлданған.