МАЭК және АМӨЗ-дегі апатқа қатысты толық мәлімет жарияланды
Энергетика министрлігінің мәліметінше, 3 шілдеде сағат 18:23-те "МАЭК" ЖШС жылу электр станциясында қуаты 130 МВт болатын № 1 энергетикалық блокта апатты ажырау жағдайы орын алды.
"Батыс энергия торабында генерацияның күрт істен шығуына байланысты электр желісінің жиілігі 48,6 Гц-ке дейін төмендеді. Осыған байланысты Маңғыстау және Атырау энергия тораптары оқшауланған жұмыс режиміне көшті. Сол себепті Атырау ЖЭО, Karabatan Utility Solutions бу-газ қондырғысы, Қаламқас және ТШО газ станциялары да ортақ желіден бөлініп, оқшау жұмысқа көшті", - деп хабарлады ведомстводан.
Өнеркәсіптік кәсіпорындарға және елдімекендердің бір бөлігіне шектеулер енгізілді.
Атырауда Дамба ауылынан бастап, орталық ықшам аудандардан Талғайыр ауылына дейінгі қаланың сол жағалау бөлігі толығымен және Алмалы ауылынан Жұмыскер ауылына дейінгі қаланың оң жағалау бөлігі ішінара жарықсыз қалды. "Kegoc" АҚ апаттың себебін анықтап, содан кейін электрмен жабдықтау қызметін қалпына келтіреді.
Сағат 19:22-де Атырау энергия торабы Батыс энергия торабымен жұмысын үйлестіріп, шектеулер алына бастады.
Сағат 20: 36-да Маңғыстау энергия торабы энергия жүйесімен жұмысы үйлестіріліп, шектеулер алына басталды.
Атырау облысының әкімдігі жауапты қызметтермен бірлесіп Атырау қаласында жарықтың өшу себептерін анықтау және оның салдарын жою жөнінде қажетті шаралар қабылдап жатқанын хабарлайды.
3 шілдеде сағат 18:25-те "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС территориясында сыртқы желілердің кесірінен электр энергиясы қуатының күрт төмендеуі орын алды. "АМӨЗ" ЖШС ЭЛОУ-АТ-2 қондырғысынан басқа зауыттағы технологиялық қондырғылар апатты түрде жұмысын тоқтатқанын хабарлайды. Шамамен сағат 18:47-де зауыт толығымен токтан ажыратылды.