Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы алаяқтық бабы бойынша сотталды
10 шілдеде Көкшетау қалалық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, кәсіпкер аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін, ал шенеунік алаяқтыққа қатысқаны үшін сотталды.
Соттың мәліметінше, кәсіпкер мен денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы жеке қылмыстық іс бойынша тергеліп жатқан үшінші тұлғамен қылмыстық келісімге келген. Олар 2017 жылы Бурабай ауданындағы денсаулық сақтау нысандарын сенімгерлік басқаруға беру туралы келісімге қол қойған.
Шарт бойынша "Авиценна – Бурабай" ЖШС стандарттар мен техникалық шарттарға, сапа көрсеткіштеріне және нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келетін жаңа медициналық жабдықтарды сатып алуға міндеттелген. Іс жүзінде кәсіпорын сапасыз медициналық құрал-жабдықтарды жеткізіп, бір миллиард теңгеден астам қаржыны иемденген.
"Осылайша, сотталушылар аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасады: кәсіпкер аса ірі көлемде алаяқтық жасады (Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы), лауазымды тұлға алаяқтыққа қатысқан (Қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-бөлігі, 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы). Олардың кінәсі куәлар мен жәбірленуші тараптың айғақтарымен, сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларымен расталады. Жаза тағайындау кезінде сот сотталушылар лауазымды тұлға бола тұра, ант беріп, қызметтік бабын пайдаланып, қылмыс жасағанын, материалдық залалды өтемегені сияқты ауырлататын мән-жайларды ескерді", – деп мәлімдеді сот.
Екі айыпталушы да мемлекеттік қызметтегі лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына бас айырыла отырып, тоғыз жылға сотталды. Кәсіпкердің көлігі тәркіленді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру жүйесіндегі жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіп, талдау барысында бюджет қаражатын жымқырудың қылмыстық схемасын жариялады.