Астанадағы баласы бар ерге шабуыл: Ішкі істер министрлігі оқиғаның мән-жайын айтты
Қайрат Сұнтаев баласы бар адамға шабуыл жасаған Қазақстанның кәсіпқой боксшысы, жартылай және бірінші ауыр салмақта өнер көрсететін Бейбіт Шүменов екенін растады.
"Иә, растаймыз, қазір осымен айналысып жатырмыз. Іс бұзақылық бойынша қозғалды. Әзірше қылмыс онша ауыр емес. Оны сараптама көрсетеді, сараптаманы күтеміз. Шүменов мас болмаған", - деді ІІМ орынбасары.
Журналистер ІІМ өкілінен "Оның кәсіпқой боксшы екені жауапкершілікті қатаңдатпай ма?" деп сұрады.
"Ол көптен бері айналыспаған. Сараптаманы күтейік. Қызметтік тексеру жүріп жатыр, учаскелік полицей қатаң жазаланады. Күні кеше министр мәселе көтерді, ол жазаланады. Бала зардап шекпеген. Бірақ жәбірленуші қылмыстық жауапкершілікті талап етіп отыр", - деп түйіндеді вице-министр.
Zakon.kz сайтының сұрауы бойынша Астана полиция департаменті бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын және оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын хабарлады.
Сонымен қатар министрлік полиция қызметкерлеріне қатысты да қызметтік тексеру тағайындалғанын, оның қорытындысы бойынша олардың әрекетіне құқықтық баға берілетінін айтты.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жарияланбайды.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Астанадағы сауда орталығында балалы ер адамға шабуыл жасалғаны түсірілген видео жарияланған еді.