ҚР ҚМА: Chia Tai Pharmaceutical қаржылық пирамидасы 769 млн теңгеден астам шығын келтірді
Ведомство таратқан мәліметке сүйенсек, бұл компания өзін инвестициялық ұйым ретінде көрсетіп, салымшыларға көп әрі тұрақты табыс әкеледі деп уәде берген.
"Chia Tai Pharmaceutical жеке тұлғалардан ақшаны алып, кәсіпкерлік қызметке пайдаланбай, қатысушылар арасында қайта бөлген. Келтірілген шығын көлемі бүгінде 769 млн теңгеден асады".ҚР ҚМА баспасөз қызметі
Сондай-ақ қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікті ұсталып, сот санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынғаны мәлім болды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
"Егер сіз және сіздің жақындарыңыз қаржы пирамидасының қызметіне тап болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша экономикалық тергеу департаментіне хабарласуыңызды сұраймыз".ҚР ҚМА баспасөз қызметі
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды қырағы болуға және жинағын күмәнді қаржы институттарына салмауға шақырды.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.