Әлеуметтік мекемедегі балалардың жаппай улануы: тағы екі бала ауруханаға түсті
"Шамамен 14:30-да облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына тағы екі бала түсті", – деді Zakon.kz тілшісіне ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева.
1 тамыз күні Қарағанды облыстық балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында балалар жаппай уланғаны жөнінде ақпарат тарады. Облыс әкімдігінің хабарлауынша, 2023 жылғы 30 шілдеде орталықтағы екі бала өзін нашар сезінген: құсып, іші өткен. Осы мекеменің тағы 10 баласы 31 шілдеде осындай белгілермен ауруханаға түскен. Дәрігерлер қанша тырысқанымен, бір бала көз жұмды.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният осы жағдайға байланысты Қарағандыға барды.
Бас прокуратура осы іске қатысты ҚР ҚК-нің 304-бабының 2-бөлігі (ауыр зардаптарға әкеп соқтырған санитарлық ережелерді немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады.