Алматы тұрғыны полицейге пара бергені үшін сотталды
Ішкі істер министрлігі өкілінің айтуынша, пара беруге көбіне адамдардың өзі себеп. Әсіресе көлік жүргізушілері осылайша заңды жауапкершіліктен жалтаруға тырысады. Атап айтқанда, былтырдың өзінде 103 азамат полицейлерге пара беріп жатқан жерінен ұсталса, биыл осындай 99 факті тіркелген.
"Пара берушілердің көбі пара сомасының 20-дан 30 есесіне дейінгі мөлшерде айыппұл алды. Ал кейбіреулері нақты мерзімге бас бостандығынан айырылды. Мысалы, бұрын сотталған алматылық тұрғын екі жыл алты айға бас бостандығынан айырылды. Ол пробация қызметкеріне 10 мың теңге көлемінде пара берді".Әділғожа Құсайынов
Басқа жағдайларда кәсіпкер азаматтар айыппұлдан құтылды.
"Түркістан облысында полиция басқармасы бастығының орынбасарына әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін 50 мың теңге көлемінде пара берген ер адам 750 мың теңге айыппұл алды. Астана тұрғыны мас күйінде көлік жүргізіп, жауапкершіліктен құтылу үшін патрульдік полиция қызметкеріне 50 мың теңге аударған (банк картасына. – Редакциядан). Оған 562 мың теңге айыппұл салынды".Әділғожа Құсайынов
Баяндамашы бүгінде қызметкерлердің адалдығы тексеріліп жатқанын білетінін, сондықтан барлық сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы туралы дереу жеке қауіпсіздік қызметіне хабарлайтынын баса айтты.
Әділғожа Құсайынов полиция қызметкерлеріне пара беру бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын еске салды. ҚР Қылмыстық кодексінің 367-бабы ("Пара беру") бойынша қылмыстық іс қозғалады. Бұл баптың санкциясы белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, айыппұл салуды немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.