Дикий Арманға қатысты сот отырысы жабық өтеді
"Процесске қатысушылардың қауіпсіздігі үшін қылмыстық істі қарау жабық режимге ауыстырылды", - делінген Алматы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған соты хабарламасында.
2023 жылдың 21 қыркүйегінде Жұмагелдиев А., Құдайберген Қ. және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау аяқталды. Барлығы - 45 адам.
Оларға "Билікті немесе лауазымды өкілеттігін асыра пайдаланды" (ҚК 362-бабы), ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және оған қатысу (ҚК 262-бабы), қарақшылық шабуыл (ҚК 191-бап), заңсыз бас бостандығынан айыру, (ҚК-нің 126-бабы), 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оларға қатысу (ҚК 272-бап), бандитизм (ҚК 268-бап) деген айыптар тағылды.
Отырыс барысында сотқа процеске қатысушылардан сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту және жою, қылмыстық істі қайтару және тоқтату, жақын туыстарын қорғаушы ретінде тану туралы сотқа жүзден астам өтінішхат түсті. Сонымен қатар іс бойынша 10 жәбірленуші, бір куә және бір сотталушы сот отырысын жабық форматта өткізуді сұрады. Олар өз өмірі, отбасы мен жақындары үшін қауіптенетінін білдірді.
Бұл өтініштерді сот қанағаттандырды. Басты сот отырысы биыл 6 қазанға белгіленді.
2022 жылғы 7 қаңтарда ҚР Ішкі істер министрлігі Алматыда қылмыс әлемінде Дикий Арман атымен танылған Арман Жұмагелдиевтің ұсталғанын мәлімдеді. Жұмагелдиевпен бірге оның тобына қатысы бар деген бес адам ұсталды. Бас прокуратураның мәліметінше, Дикий Арман қанды қаңтар кезінде адам ұрлаған. 2023 жылғы 5 қаңтарда ҚР Бас прокуроры Берік Асылов мәжілістегі жиында Арман Жұмагелдиев қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде ҰҚК кураторының басшылығымен әрекет еткенін мәлімдеді.
2022 жылғы 22 сәуірде Алматы қаласы мәслихатының депутаты Қайрат Құдайберген қаңтардағы бүлікті ұйымдастырды және оған қатысты деген күдікпен ұсталғаны белгілі болды. Ол депутаттық мандатынан айырылып, Amanat партиясынан шығарылды. Ол қамауға алынған күннен бері қамауда отыр.