Храпуновтардан тәркіленген мүлікті талан-таражға салған экс-шенеуніктерге сот үкімі шықты
2023 жылғы 26 қыркүйекте Медеу аудандық №2 сотында судья Залина Махарадзе Храпуновтың мүлкін талан-таражға салу ісі бойынша сотталушыларға үкім шығарды.
Сот айыпталушыларды кінәлі деп танып, мынадай жаза тағайындау жөнінде шешім қабылдады:
- Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Талғат Мұхановқа мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің полковнигі атағынан өмір бойына айыра отырып, сегіз жылға бас бостандығынан айыру;
- Ұлттық экономика экс-вице-министрі Ілияс Өсеровке – мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылға бас бостандығынан айыру;
- Алматы қаласы Қаржы басқармасының бұрынғы басшысы Айнұр Құдайбергенова5f – мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, бес жылға бас бостандығынан айыру.
Олар жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.
Сурет: Zakon.kz
Оларға сот мынандай айып тақты:
"Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 2018 жылғы 8 қазанда Храпуновтар отбасының мүлкін тәркілеген. 2019 жылы Талғат Мұханов тәркіленген мүлікті әдейі төмендетілген бағамен иемденген. Ілияс Өсеров Алматы қаласы әкімінің орынбасары бола тұра, жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын әдейі төмендетіп, сауда-саттық рәсімінен бұрып әкетіп, оларды Талғат Мұхановқа әдейі төмендетілген бағамен сатуға ықпал еткен. Ал Алматы қаласы мемлекеттік активтер басқармасының бұрынғы басшысы Айнұр Құдайбергенова қызмет бабын пайдалана отырып, жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын әдейі төмендетіп, оларды сауда-саттық пен сату рәсімінен бұрып әкетіп, әдейі төмендетілген құны бойынша Талғат Мұхановтың пайдасына сатуға ықпал еткен".
Тергеушілердің мәліметінше, мемлекетке келтірілген шығын 819 миллион теңгеден асқан, сотталғандар оны өтеп үлгерген.
2022 жылғы 2 наурызда Ілияс Өсеров ҚР Ұлттық экономика вице-министрі болып тағайындалды. Ал 12 сәуірде оның ұсталғаны белгілі болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі вице-министрдің неліктен ұсталғанын нақтыламады.