Шымкентте оқушыны көлігімен қағып кеткен жүргізуші бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі 9 қазанда таратқан мәлімет бойынша, жантүршігерлік жол апаты 7 қазан күні сағат 18:45 шамасында болған. Арғынбеков көшесінде BMW-530 жүргізушісі кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кетті. Тоғыз жасар бала сол жерде көз жұмды.
Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, соның қорытындысы бойынша іс сотқа жолданады. Полицейлер қажет сараптамалар тағайындалғанын қоса айтты.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігіне сәйкес ("Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың абайсызда адам өлiмiне әкеп соққан жол қозғалысы немесе көлiк құралдарын пайдалану ережелерiн бұзуы") BMW көлігінің жүргізушісі бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.