Лакшми Миттал Костенко шахтасындағы қайғылы оқиға үшін жауапкершілікке тартыла ма
Министр компания қайғылы оқиғадан қазірдің өзінде айтарлықтай шығынға ұшырағанын атап өтті.
"Дүйсенбі күнгі баға белгілемесінде компанияның капиталдануы (барлық акциясының жалпы құны – Ред.) 5,5% төмендеді. Ол 21 миллиардтан 20 миллиард долларға дейін төмендеді, яғни кемінде миллиард доллар жоғалтты. Бұл ең әуелі Қазақстандағы қайғылы жағдайға байланысты. Сондықтан инвестор жауапкершілікті көтеруі керек пе дегенді айтсақ, экономикалық жауапкершілік басталып кетті".Қанат Шарлапаев
Әзірше үнді кәсіпкерін қылмыстық қудалау туралы сөз қозғалған жоқ.
"Біз Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық құқыққа сүйенуіміз керек деп есептеймін. Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сай осы мәселемен айналысатын және тиісті тексеру жүргізетін, соңында нәтиже беретін құзыретті органдар бар екеніне сенімдімін".Қанат Шарлапаев
31 қазанда кәсіпорынды мемлекет меншігіне өткізу мәмілесі аяқталуға жақын екені хабарланды. Үндістан кәсіпкері компания акционерлерінен кеткеннен кейін Қазақстан АМТ-ның ескі атауын пайдалана алмайды.
28 қазанға қараған түні Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада болған қайғылы оқиғадан кейін "АрселорМиттал Теміртау" компаниясын мемлекет меншігіне өткізу туралы шешім қабылданды.
Бұған дейін Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов іздестіру-құтқару кезінде соңғы, 46-құрбанға тиесілі болуы мүмкін адамның дене бөлшектері табылғанын айтқан еді.