Павлодар облысында елу жылқы белгісіз аурудан қырылып қалды
Мамандар жылқы өліміне себеп болуы мүмкін бірқатар қауіпті ауруды бірден жоққа шығарды. Ветеринарлар жануарлар күздік қара бидайдан уланған болуы мүмкін деп болжап отыр. Бұл туралы 24kz хабарлады.
"Жануарлардың асқазан-ішек жолдарының толып жатқаны анық болды. Біздің бірінші күдігіміз не уланған, не денесі мас болған. Жануарлардың жүрісі тұрақсыз болған".Павлодар облысының бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы Рашид Нұрбеков
Аман қалған жылқылар жеке қораға қамалды. Ветеринарлар олардың жағдайын бақылап отырды. Мамандардың айтуынша, біраз жануар сауығып жатыр.
"Жануарлардың неліктен өлгенін нақты білмейміз. Сондықтан қауіпсіз болу үшін дереу ор қазып, барлық өлексені өртеп жібердік. Шұңқырды топырақпен жаптық, қазір күзетіп жатырмыз".Ветеринар-фельдшер Әмір Абылғазынов
Барлық жануар қауіпті ауруға қарсы егілген дейді жергілікті тұрғындар. Облыста инфекция анықталған жоқ. Малдың қырылу себебін анықтау үшін ветеринарлар сынама алып, сараптамаға жіберді. Нәтижесі жақын күндері дайын болады.
Бұған дейін Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында жүздеген бас ірі қара қырылғаны белгілі болған. Мамандар бұған өңірде бір ай бұрын басталған киіктерді ату себеп болған деп есептейді.