Ақтауда қатты дауыл соқты
Ақтауда ауа райының қолайсыздығынан пирс (екі жағынан да кемелер келіп тоқтау үшін жағадан суға қарай сұғындыра салынған құрылғы) сынып, жартылай су астында қалды. Оқиғаның салдарын куәгерлер видеоға түсіріп алған. Бұл туралы Lada.kz жазды.
Бейнеу ауданы, Боранқұл ауылында қатты жел екі үйдің шатырын жұлып кеткенін облыстық Төтенше жағдайлар қызметінің баспасөз қызметі хабарлады. Ауа райынан зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.
Ал департаменттің құтқарушылары тұрғындардан сақ болуды сұрады. Өңірде қолайсыз ауа райы 22 қарашаға дейін сақталады. Кей жерлерде жел секундына 30 метрге дейін күшейеді деп болжанды.
20 қарашада Солтүстік Қазақстанда үшінші тәулік бойы қатты боранның салдары жойылғаны хабарланды. Онда ауа райының қолайсыздығынан 150 ауыл жарықсыз қалды. Ақмола облысында да жағдай осындай, ол жерде де су мұнарасы құлаған. Павлодар мен Қарағанды облыстарының қалалары мен ауылдарында төтенше жағдай режимі енгізіліп жатыр.