Аяз бен қар: Көлік вице-министрі жолдардағы жағдайға байланысты үндеу жасады
Кейінгі күндері еліміздің республикалық маңызы бар жолдарында ауа-райының нашарлауына байланысты көлік құралдарының қозғалысына шектеу енгізілді. Атап айтқанда, солтүстік аймақтарда қатты аязға байланысты қоғамдық көліктер мен дизель отынымен жүретін көліктердің қозғалысына шектеу қойылды.
Көлік министрлігінің дерегінше, бүгінде елдің солтүстігінде ауа-райы тұрақтанып, шектеу шаралары ауа температурасы төмендеген кезде, яғни түн мезгілінде ғана қолданылады. Күндізгі уақытта жолда жүру қамтамасыз етілген.
Еліміздің оңтүстік өңірлерінде, атап айтқанда Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында бұған дейін енгізілген шектеу шаралары әлі де өз күшінде. Мысалы, Күйік пен Машат асуларында бүгінде ауа-райы тұрақсыз болып тұр. Желдің екпіні сағатына 40-42 шақырымға жетеді, жолда түк көрінбейді. Осыған байланысты көлік құралдарының кептелісін болдырмау үшін Жамбыл және Түркістан облыстары жағынан асулар жабылды.
"Қазавтожол", Төтенше жағдайлар департаменттері мен полиция тиісті жұмыстарды ңстеп жатыр. Азаматтарға жақын маңдағы елді мекендерге бұрылып кету, сонымен қатар ыстық тамақ пен қонып жату жағдайы қарастырылған жылыту пунктеріне бару ұсынылады. Барлық қызмет түрі жұмылған. Оның ішінде жергілікті атқарушы органдар азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша көмек көрсетіп жатыр", - деді Көлік министрінің орынбасары Сәтжан Аблалиев.
Сонымен қатар ол автокөліктердің кептелісі жолды қардан тазалауға шыққан арнайы техникалардың қозғалысын шектейтінін және тазалауға кедергі келтіретінін айтты.
"Осыған байланысты қазақстандықтарды қыс мезгілінде "Қазавтожол", ТЖМ және гидрометеорологиялық орталық тарапынан автожолдардағы белгілі бір учаскелердің жабылуы туралы келетін хабарландыруларына ерекше назар аударуды сұраймыз", деді вице-министр.