Маңғыстауда ластаушы зат 200 күн бойы тараған: компанияға 350 миллион теңгеден астам айыппұл салынады
Сурет: Экология және табиғи ресурстар министрлігі
Маңғыстау облысы Экология департаменті Қаратурун кен орнындағы ұңғыманың жану фактісі бойынша "Бузачи Нефть" ЖШС-ға қатысты жоспардан тыс тексеруді аяқтады.
2023 жылғы 9 маусымда №303 ұңғымада бұрғылау құбырын көтеру кезінде ұзақтығы 200 тәулік болатын табиғи газдың өрті болды. Экология департаментінің мамандары атмосфералық ауаны ластаушы заттардың бар-жоғына бірнеше рет өлшеулер жасады және олардың нәтижесі ауада метанның шамадан тыс мөлшерін көрсетті. 25 желтоқсан 2023 жылы ұңғымадағы өрт сөндірілді.
Биыл қаңтар айында экология департаменті жоспардан тыс тексеру ашты, ол экологиялық заңнама талаптарының бұзылуын анықтады. Атмосфералық ауадағы ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясының метан бойынша 480 есе, мұнай өнімдері бойынша топырақта 168,13 мг/кг артқаны анықталды.
"Берілген рұқсатқа сәйкес ұңғыманы бұрғылау 2024 жылы басталуы керек еді, бірақ 2023 жылдың мамырында басталды. Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға келтірілген экологиялық залалды жою, сондай-ақ қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерін сақтау бойынша ремедиация бағдарламасын әзірлеу қажеттілігі туралы нұсқама берілді. 4 әкімшілік хаттама жасалды. Алдын ала есептеулер бойынша айыппұл 350 млн.теңгеден асады", - деп хабарлады министрліктің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript