Алматыда автобустың қатысуымен болған ірі жол апатына түрткі жүргізуші ұсталды
Сурет: Zakon.kz
Алматыда 26 маусымда N18 автобустың қатысуымен болған ірі жол-көлік апатына себепкер жүргізуші ұсталды. Бұл туралы Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі хабарлады. Сондай-ақ аталған жол апатынан зардап шеккендердің денсаулығына қатысты тың мәлімет жарияланды, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Бүгін - 26 маусымда Мақатаев пен Масанчи көшелерінің қиылысында орын алған адам өліміне әкеліп соққан жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жол апатына себепкер болған жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қоғамдық көлік қозғалысының жылдамдығын анықтау тұрғысында сараптама тағайындалды".Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі
Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталуда. Сондай-ақ қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы зардап шеккендерге қатысты қосымша мәлімет ұсынды.
"N18 автобустың қатысуымен болған жол-көлік апаты салдарынан қала ауруханаларында жүргізілген барлық тексеруден кейін 6 ересек адам ауруханаға жатқызылды. Олардың аяқ-қолы сынған, жағдайы орташа ауырлықта деп бағаланады. Барлығы қажетті ем-домды толық көлемде алып жатыр. Қалған зардап шеккендер қаралып, тексерілгеннен кейін тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық емдеуге жіберілді". Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы
Құзырлы ведомство оқиға орын алған кезде медициналық көмекке барлығы 24 адам жүгінгенін, бір адамның жедел жәрдем көлігі келгенше көз жұмғанын нақтылайды.
Айта кетсек, 2024 жылдың 26 маусымында кроссовер автобусты қағып, екіншісі жолдан шығып дүкенге соқтығысты. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 16 жолаушы зардап шекті, біреуі оқиға орнында қаза тапты. Полицейлер жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғады. Алматыда автобуспен болған жантүршігерлік жол апатының видеосы желіде жарияланды.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript