Алматыда ағаш көлік жуатын орынға құлап, бір көлікті басып қалды – мұндай жағдайда не істеу керек
Сурет: pixabay
Алматыда көлік жуатын орынға құлаған ағаш сол маңдағы көліктердің бірін іліп кетті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Төтенше оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде жарияланды.
"Бүгін таңертең Алматыда Сүйінбай көшесінде төтенше оқиға болды: діңгегі үлкен ағаш көлік жуатын орынның территориясына құлады. Салдарынан ғимараттың сыртына және жүргізушісі жоқ көлікке айтарлықтай зақым келтірді", делінген жазбада.
Видео астына пікір қалдырушылар мұндай жағдайда кім жауапты, шығынды кім өтейді деген сауалды жиі қойған. Бұл сұрақтарға жауап алу үшін Zakon.kz редакциясы әкімдікке жүгінді.
"2024 жылғы 8 шілдеде Сүйінбай даңғылы 54/1 мекенжайында жауын-шашын мен қатты желдің болуына байланысты жеке ұйымның іргелес аумағындағы ағаш (терек) құлады. Алматы қаласының құтқару қызметінің күшімен күні бойы құлаған ағаш кесіліп, оталды. Өтемақыны өтеу үшін 102 қызметіне жүгіну қажет және осы фактіні тіркету қажет, содан кейін іргелес жеке аумақ ұйымының иесінің үстінен арыздануға болады", деп түсіндірді Жетісу ауданы әкімінің аппаратындағылар.
Алматының жасыл екпелерін күтіп-баптап ұстау және қорғау ережелерінің 3-бабы, 4-тарауы, 29-тармағына сәйкес, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен басқа да меншік объектілерінің аумағында, сондай-ақ бөлінген және бекітілген аумақта жасыл екпелерді күтіп-баптап ұстау және оларды қорғау осы объектілердің меншік иелеріне немесе пайдаланушыларына жүктелетіні де нақтыланды.
"Аталған ереженің 6-бабы, 51-тармағына сәйкес, жел соғу және табиғи сипаттағы басқа да жағдайларда ағаштар құлап, жол-көлік оқиғалары болғанда құлаған ағашты жинау, сол араны уақтылы тазарту және ғимараттарға, құрылыстарға, көп қабатты тұрғын үйлерге іргелес жатқан аумақтарда ағаш қалдықтарын шығару осы учаскеге қызмет көрсететін көгалдандыру бойынша ұйымдармен жүзеге асырылады", - деп толықтырды аудан әкімдігі.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript