Көктемде қарғын сумен әлек болған Атырау облысының тұрғындары, бүгінде төрт түлікке беретін су таппай отыр

24.kz ақпаратынша, Нарын, Сборный каналдарына Жайық өзенінен су айдайтын қондырғылар тасқын кезінде істен шыққан. Нөпір су құбырларды бұзған. Ағысы қатты тасқын өзен жағасын кей жерде 30 метрге дейін құлатқан. Қазір жауапты мекеме су сору қондырғыларын қалыпқа келтіру жұмыстарын атқарып жатыр.
"Биылғы табиғи апаттың жағдайына байланысты Сборный каналының бойында су жоқ болып жатыр. Соған тездетіп жүруін талап етеміз. Жалғыз мен емес, осы Сборный каналының бойындағы, басқа да каналдардың бойындағы шаруагерлердің атынан айтып отырмын. Бәрінің де тілегі осы. Су тапшы болып жатыр. Күн ыссы, малға қиын болып жатыр". Шыныбек Бірәлиев, шаруа қожалығының иесі
180 шақырымға дейін созылып жатқан Нарын каналы Махамбет ауданынан басталып, Исатай ауданымен өтеді. Су сору қондырғысы істен шыққаннан кейін бұл канал да кеуіп жатыр. "Қазсушар" мекемесі Жайық өзенінен каналдарға су айдайтын қондырғының тасқын кезінде істен шыққанын айтады. Ағыспен келген томарлар құбырларды қиратқан.
"Тоқ желісі де үзілді. 5 опор құлады. Қазір осы Нарын каналының басындағы 2 жүзбелі насостың трубаларын қосу жұмыстары аяқталуда. Ертеңнен бастап тоқ желісін тартамыз. Содан кейін қосу жұмыстары жүргізілуі керек". Асланбек Рысжанов, "Қазсушар" РМК облыстық филиалының директоры
Тасқын кезінде Жайық арнасынан асып, жайылмаға шықты. Су сору қондырғыларын уақытылы жөндеуге де батпақ кедергі келтірген. Жауапты мекеме ретке келтіру жұмыстарын өткен аптаның аяғында бастады.
"Бұл жерде су кеткенмен, осы жерге дейін техникаларымызбен келуге өте қиын болды. Алдыңғы аптаның сенбі күні техникаларымызды әкелдік. Оның ішінде тралл автокөлігі, экскаватор, кранымыз бар, гидромек экскаваторымыз бар, сондай техникаларымызбен келіп, 10-ның үстінде қызметкеріміз жексенбі-сенбі жұмыстарына қарамастан, осы жұмыстарды атқаруда". Асланбек Рысжанов, "Қазсушар" РМК облыстық филиалының директоры
Тасқын су каналдардың кей жерін бұзып та кеткен. Қазір "Қазсушар" мекемесінің қызметкерлері бөгетті бекітіп, қалыпқа келтіріп жатыр. Шаруалар мәселе жедел шешілсе дейді. Өйткені шіліңгір шілдеде жағдай тіпті ушығуы мүмкін.