Павлодар облысында тыл ардагерлеріне арақ сыйлаған әкімнің мәселесі май шаммен қаралуда
Күнбағыс майы, жарма, өзге де тәттілер бар пакетке қосымша бір бөтелке арақ қоса салынған. Бұл сыйлықтарды округ әкімі Талғат Бланкин үй-үйді аралап, өзі таратқан. Аймақтың Әдеп жөніндегі кеңесінде тарту етілген алкоголь кісі өліміне жанама себеп болуы мүмкін екендігі анықталды.
Әдеп жөніндегі кеңес мүшелерін мемлекеттік қызметшілер сыйлаған алкоголь ғана емес, өзге жайттар да сұрақ туындатты. Павлодар ауданы прокурорының орынбасары Нұрлан Опабеков сыйлық табысталған соң тыл ардагерлерінің бірінің үйі толығымен өртеніп, әйелі қаза тапқанын айтты.
"Ерлі-зайыптылардың мас күйде болғаны анықталды. Ауылдық округ әкімі тарапынан болған әрекеттер мемлекеттік қызметшінің қызметтік әдеп стандарттарын бұзады және жалпы қабылданған мораль нормаларына қайшы келеді. Мемлекеттік қызметшілер стандарттарды ұстанып, қоғамның сеніміне нұқсан келтірмеуі керек. Осылайша, аталған қайғылы жайт Григорьев ауылдық округі әкімінің лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамауымен байланыстыболуы мүмкін", - деді Нұрлан Опабеков.
Оның айтуынша, мереке құрметіне сыйға тартылған алкоголь ішілген. Содан кейін қарт адам үйден кетіп қалған, жұбайы ұйықтап қалған. Қорытындыға сәйкес, өрттің шығу себебі - электр желісіндегі ақаулық. Марқұмның қазасы мен сыйға тартылған пакеттердің тікелей байланысын Әдем жөніндегі кеңестің мүшелері анықтаған жоқ, бірақ егер үй иесі сау болып, ұйықтамағанда ол қауіпті уақытында байқап, көмекке шақыруы мүмкін екенін атап өтті.
Талғал Бланкиннің өзі сыйға тартылған пакет ішіндегі жиынтыққа еш қатысы жоғын, тек оны табыстағанын айтты.
"Сыйлықтарды әзірлеумен жауапты тұлғалар айналысады. Олар демеушілер іздейді, менікі - табыстау. Уақыт аз болды, мен пакет ішінде не барын қарап үлгермедім. Сол үшін ғана кінәлімін", - деді Талғат Бланкин.
Осыған қарамастан, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері әкімді тәртіптік жауапкершілікке тартуды ұсынды.