Дикий Арман мен Қайрат Құдайбергенге қатысты үкім: сот түсініктеме беріп, мән-жайды ашты
Алматы қаласында Арман Жұмагелдиевтің қылмыстық тобы, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғаны және азаматтарды ұрлағаны үшін сотталды
Ағымдағы жылдың 27 қаңтарында Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Жұмагелдиев Арманның қылмыстық тобының басшылары мен қарулы тобының мүшелері, сондай-ақ ҰҚК-ның 5-Департаментінің экс-басшысы Искаков Руслан, Алматы қаласы мәслихатының экс-депутаты Құдайберген Қайрат және басқа да тұлғаларға қатысты қылмыстық іс қаралып аяқталды.
Сот анықтағандай, 2016 жылы Искаков ҰҚК-ның 5-Департаменті басшысының орынбасары бола отырып, ұлттық қауіпсіздік органдарының қолдауына кепілдік беретінін айтып, Жұмагелдиевті серіктестікке көндірген.
"ҰҚК органдарының қолдауына ие болған Жұмагелдиев Қазақстан мен шетелдердегі қылмыстық ықпалын кеңейту мақсатында қылмыстық ұйым құруға кіріскен. Бұл мақсатта, ол ұйымның негізгі рөлдеріне бұрыннан таныс, психологиялық тұрғыдан тұрақты, қылмыстық қудалаудан қорықпайтын және жақсы физикалық дайындығы бар адамдарды тартқан. Жұмагелдиевтің қылмыстық ұйымының барлық мүшелері,ұйымдастырушылық, функционалдық және аумақтық негізде топтарға бөлініп, тікелей оған бағынған. Сондай-ақ, Искаков басқарған ҰҚК бөлімшесі Жұмагелдиевтің қылмыстық ұйымымен бәсекелес ұйымдасқан қылмыстық топтарды жойғаны анықталды." Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты
Сонымен қатар, Искаков, Жұмагелдиев тобының заңсыз әрекеттерін тоқтатуға ешқандай шара қолданбаған.
2017 жылдың желтоқсанынан бастап Жұмагелдиев өзінің қылмыстық ұйымының қызметін Түркия Республикасында тұрып, қашықтықтан басқарған. Ол Қазақстан, Түркия және БАӘ-де, ұйымның құрылымдық бөлімшелерінің басшыларымен және мүшелерімен кездесу өткізіп тұрған.
Қылмыстық ұйымның ықпал аясын кеңейту және қаржылық түсімдерді қамтамасыз ету мақсатында жүйелі түрде әлеуетті құрбандарды іздеген.
"Мысалы, 2021 жылдың маусым айының басында топ мүшелері Түркістан облысының тұрғынының, олардыңтаныстарына 25 миллион теңге қарызы бар екенін білді. Жұмагелдиевтің бағыныштылары зардап шегушіні ұрып-соғып, оны Шымкенттегі қонақ үйдің алтыншы қабатынан лақтырып жібереміз деп қорқытып, 23 миллион теңгені қайтаруға мәжбүр еткен, оның 12 миллионы сотталушылардың пайдасына алынған." Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты
2022 жылдың басында Искаков, Жұмагелдиев және экс-депутат Құдайберген билікті күшпен басып алу мақсатында жаппай тәртіпсіздіктердің негізгі ұйымдастырушылары болды.
Бұл үшін Жұмагелдиев 2021 жылдың желтоқсанында Қазақстанға алдын ала келген.
2022 жылы қаңтар оқиғалары кезінде Құдайберген "Қазақстан" қонақ үйінде штаб құрып, оған Жұмагелдиевтің тобын шақырды. Осылайша көрсетілген адамдар, қарулы топтың және оларға қосылған басқа адамдардың әрекеттерін басқарған.
Сот 2022 жылдың 5 қаңтарында Жұмагелдиевтің тобы мен оның жақтастары Алматы қаласындағы Республика алаңына екі рет шыққанын анықтады. Олардың мақсаты жаппай тәртіпсіздіктерге қатысушыларды біріктіру және билікке талап қою үшін "Халық кеңесі" түрінде конституциялық емес орган құру болған.
Кейін Жұмагелдиев тәртіпсіздіктерге қатысушылар санын көбейту туралы шешім қабылдаған. Осы мақсатта ол өзінің Шымкент қаласындағы қылмыстық топ мүшелерін Алматыға шақырған.
Сонымен қоса, Құдайбергеннің заңсыз түрде спортшылар мен басқа адамдарды "Қазақстан" қонақ үйінің маңында жинауды ұйымдастырғаны анықталды. Ол бұл әрекетті бизнес нысандарын қорғауға көмек көрсету деген сылтаумен жасаған, алайда шын мәнінде Жұмагелдиевтің қылмыстық тобына қосылуды көздеген.
2022 жылдың 5 қаңтарынан 6 қаңтарға қараған түні ҰҚК басшылығы ұсталғаннан кейін Искаков тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру жоспарының сәтсіз болатынын түсініп, қылмыстың іздерін жасыруға шешім қабылдаған. Бұл мақсатта, ол Алматы қаласындағы жағдайды тұрақтандыру сылтауымен, Жұмагелдиевке,адамдарды ұрлап, оларды "Қазақстан" және "The Ritz Carlton Almaty" қонақ үйлерінде ұстауды тапсырған.
2022 жылдың 6-7 қаңтар аралығында Жұмагелдиев тобының мүшелері бейбіт тұрғындарды заңсыз ұстап, оларды аяусыз ұрып-соғып, мүліктерін тартып алып, қорлаған.
Сонымен қатар, кейбір адамдарды бейнежазбаға түсіріп, оларды ұрлық және "ҚДТ" ("ДВК") экстремистік әрекеттеріне қатысқандарын мойындауға мәжбүрлеген.
Мысалы, "The Ritz Carlton Almaty"қонақ үйінің маңында, Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының шамамен 15 мүшесі оның бұйрығын орындап, өтіп бара жатқан автокөлікті тоқтатып, ішіндегі 5азаматты түсіріп алған. Жолаушылардың бірін, шабуылдаушылар басынан балғамен ұрып, есінен тандырған.
Осыдан кейін, жәбірленушілерді еркінен тыс қонақ үйдің жер асты тұрағына мәжбүрлеп кіргізіп, олардан ақшалары мен жеке заттарын тартып алған. Кейін жәбірленушілерді іш киіміне дейін шешіндіріп, ұрып соққан.
Сонымен бірге, оларды жаппай тәртіпсіздіктерге және бөтеннің мүлкін ұрлауға қатысқандарын мойындауға мәжбүрлеген.
Жалпы, Жұмагелдиевтің тобы 34 жәбірленушіні ұрлап, ұрып-соғу әрекеттерін жасаған. Кейін, 24 ұсталған адам заңсыз түрде бір ЖШС-нің қоймаларында қамалған.
Бұдан бөлек, Алматы қаласында тәртіпті қалпына келтіру және сенімді алиби жасау сылтауымен Жұмагелдиевтің топтастары мен жақтаушыларын пайдаланып, Алматы қаласының ТЖД-нің өрт сөндіру көлігін қайтаруын және №12 қалалық аурухананы қорғау жұмыстарын ұйымдастырып, Алматы тұрғындарына азық-түлік таратуға бастамашы болған.
Дәлелденген мәліметтер мойынша, Жұмагелдиев тәртіпсіздікке қатысушылармен күресті тек көзбояушылық үшін ұйымдастырған және оның барлық әрекеттері, өзі ұйымдастырған қылмыстардың ізін жасыруға бағытталған.
Сот барысында куәгерлердің тұрақты айғақтары, сотта зерттелген мәліметтер, сараптамалар және бейнежазбалар, Жұмагелдиев пен оның тобының қылмыстық әрекеттерін дәлелдеді.
Сот үкімімен Жұмагелдиев ҚР ҚК-нің 262-бабы 1-бөлігі, 268-бабы 1-бөлігі, 272-бабы 1-бөлігі, 272-бабы 2-бөлігі, 28 бабы 3-бөлігі, 125-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы, 126-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Р. Ысқақов ҚР ҚК-нің 262-бабы 3-бөлігі, 272-бабы 1-бөлігі, 362-бабы 4-бөлігі, 3-тармағы, 28-бабы 3-бөлігі, 125-бабы 3-бөлігі, 1-тармағы, 28-бабы 3-бөлігі, 126-бабы 3-бөлігі 1-тармағы, 268-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 15,6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қ.Құдайберген ҚР ҚК-нің 272-бабы 1,2-бөліктері, 126-бабы 2-бөлігі, 1 және 7-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жаппай тәртіпсіздіктердің басқа қатысушыларына – Жұмагелдиевтің қылмыстық тобының мүшелеріне (барлығы 13 адам) 10 жылдан 15,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қылмыстық топтың құрамына кірмейтін жаппай тәртіпсіздіктердің басқа қатысушыларына 1,5 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Бірқатар сотталғандарға қатысты мемлекеттік наградалардан айыру туралы ұсыныс енгізіледі.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.