Павлодарда "SOS" түймесі әйелге қауіпті жағдайдан құтылуға көмектесті

Кез келген төтенше жағдайда "SOS" батырмасы арқылы полицияға хабарласуға болады, – деп мәлімдеді Павлодар облыстық полиция департаменті.
Жуырда жедел басқару орталығының операторына "SOS" батырмасы арқылы бейнеқоңырау түсті. Әйел адам полициядан көмек сұрап, танысымен жанжалдасып қалғанын хабарлады.
Оқиға орнына дереу жеткен тәртіп сақшылары мән-жайды анықтап, ер адамды полиция бөліміне жеткізді.
Жәбірленушінің өтініші негізінде ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Белгілі болғандай, әйелдің ұялы телефоны бұзылып, жаңасын сатып алуға үлгермеген. Дегенмен, қиын жағдайға тап болған сәтте "SOS" батырмасын байқап, оны пайдаланды.
"Менің қоңырауым мүмкін мені ауыр қылмыстые құрбаны болудан құтқарған болар", – дейді жәбірленушінің өзі.
Полиция департаменті егер құқық бұзушылықтың куәгері болсаңыз, 102 нөміріне қоңырау шалуға, "Police 102" мобильді қосымшасын немесе "SOS" батырмасын пайдалануға болатынын еске салады.