Қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде екі адамды өлтірді: Алматыда әскери қызметкерге үкім шықты

Іс Алматы гарнизоны Әскери сотында жабық отырыста қаралды. Сотталушы, Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімі командирінің бұрынғы орынбасары Айтжан Әубәкіровке қару қолданып, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылды.
"Сот сотталушының билік өкілі бола отырып, өз құқықтары мен өкілеттіктерінен тыс әрекеттер жасағанын анықтады. Нәтижесінде ауыр зардаптар орын алды – екі жәбірленуші қайтыс болды. Сотталушының кінәсі сараптамалық қорытындылармен, куәгерлердің, сарапшылардың айғақтарымен, соттың оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен дәлелденді", – делінген хабарламада.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушыны 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Сотталушы өз кінәсін мойындамады. Жәбірленушілердің өкілдері оның заң аясында жазалануын сұрады.
Сот үкімімен әскери қызметкер 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол полковник әскери атағынан айырылды.
Жәбірленушіге 20 миллион теңге моральдық шығын өндірілді.
Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қаңтар оқиғасы кезінде сотталған азамат археолог Ерлан Жағыпаров пен Әуез Қапсалановқа автоматтан оқ жаудырғаны осыған дейін хабарланған болатын. Іс материалдарына сәйкес, олар алаңда ұсталып, қолдарына кісен салынып, соққыға жығылған. Ерлердің мәйіттері оқ жарақаттарымен табылды.
27 ақпанда Алматыда криминалдық авторитет Дикий Арман, ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері Руслан Ысқақов және мәслихаттың бұрынғы депутаты Қайрат Құдайбергенге қатысты сот процесі аяқталды.