Анасының көзінше жүк көлігі басып кеткен жеті жасар қыздың оқиғасы: ІІМ түсініктеме берді

ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев 2025 жылғы 4 сәуірде ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Алматыда жеті жасар қыздың жол-көлік оқиғасынан қаза табуына байланысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ол қыздың жол ережесін бұзбай, жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқанын атап өтті.
"Қылмыстық іс аясында барлығына баға беріледі және әрқайсысы заң бойынша жауап береді. Кім кінәлі болса, сол жазаға тартылады. Автобус жүргізушісі жаяу жүргіншілер жолағында жаяу жүргіншіні өткізіп жібермегені үшін жауапқа тартылуда",- деді Қайсар Сұлтанбаев.
Комитет басшысы бүгінде жүргізушілерді даярлау бойынша автомектептерге қойылатын талаптар күшейтілгенін айтты. Автопарк иелерімен қосымша профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Оларға жолдағы бұзушылықтар туралы хабарланады және қателіктер бойынша жұмыс жасалады.
Еске салсақ, Алматыда 2025 жылғы 2 сәуірде жүк көлігі жеті жасар қыз баланы таптап, мерт қылды. Қайғылы оқиға анасының көзінше болған.
Куәгерлердің айтуынша, мектеп оқушысы Бурундайская көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқанда, жоғары жылдамдықпен келе жатқан автобусты көріп, кері шегінген. Осы мезетте, оны байқамаған жүк көлігі таптап кеткен.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз