Алматыдағы НЗМ төңірегіндегі даулы мәселе: ата-аналардың мектеп басшылығымен кездесуі қалай аяқталды

Диана Ерланның айтуынша, ата-аналармен және мектеп басшылығымен кездесуден кейін барлығы бірге ауруханада жатқан Сұңқарды барып көрген.
"НЗМ-да 12 жылдық оқу жүйесі болғандықтан және бала әлі мектепті бітіру кезеңінде болмағандықтан, мектеп әкімшілігі баланың мүддесін ескере отырып, оны мемлекеттік мектепке немесе шығындарын өтей отырып жекеменшік мектепке ауыстыруды ұсынды. Кейінірек өзім, бала мен оның отбасының заңгерімен жеке сөйлестім. Қазір шешімді Сұңқардың отбасы қабылдайды. Жағдайды ескере отырып, оған психологиялық көмек пен қолдау ұйымдастырылды", – деп жазды Диана Ерлан 2025 жылғы 27 мамырда Instagram-Stories парақшасында.
Айта кетсек, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Сұңқар Майқан өзге оқушылардың көзінше мұғалімге балағат сөз айтып, тіл тигізгені үшін оқу ордасынан шығарылған. Алайда, жас жеткіншек, кейінірек өзінің кінәсін мойындап, кешірім сұраған болатын. Дегенмен, оның бұл әрекетіне мектеп әкімшілігі тарапынан "мектепке қайта қабылдау" туралы жағымды жаңалық бола қоймады. Осылайша, бірнеше күн қатарынан тамақ ішпей, депрессияға түскен оқушы 26 мамыр күні жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді. Бүгінде ол қажетті ем-дом шараларын алуда. Бұл ретте, қоғамда резонанс туғызған іске бірқатар шенеуніктер мен балалар құқықтары жөніндегі уәкілдер, сондай-ақ, министр Ғани Бейсембаев пікір білдірді.