Құлсарыдағы жанар-жағармай құю бекетіндегі жарылысқа қатысты тың мәлімет жарияланды

Ресми мәліметтерге сәйкес, оқыс оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, тағы 14 адам зардап шекті. Зардап шеккендердің арасында төрт бала бар. Олардың барлығы аудандық ауруханаға жеткізілді: төртеуі алғашқы медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үйіне жіберілді, 10 адам ем қабылдауда.
"Оқиға салдарынан алты көлік өртеніп, үш бір қабатты және бір екі қабатты ғимарат бүлінді. Жарылыс қамтыған аудан 400 шаршы метрді құрады", - деді Назарәлі Селімов.
Өртті сөндіруге 81 адам және 17 арнайы техника жұмылдырылды. Өрт сағат 20:15-ке дейін оқшауланып, 21:40-та толықтай жойылды.
Бұған дейін Атырау облысының әкімі Серік Шапкенов 30 мамырда Жылыой ауданының Құлсары қаласындағы "Ниет" жанар-жағармай құю бекетіндегі жарылыс және одан кейінгі өртке байланысты жедел штабтың кезектен тыс отырысын өткізгені хабарланған болатын. Жарылыс кезінде екі адам қайтыс болды, тағы 14 адам зардап шекті. Кейінірек төрт баланың зардап шеккені белгілі болды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.