Қазақстандық өзі тәрбиелемеген балаға өзінің тегін беруін талап еткен
Фото: pexels
Соттың анықтауынша, тараптар 2020 жылы туған кәмелетке толмаған У.-дың ата-анасы. Талап қоюшының балаға қатысты әкелігі 2024 жылғы 04 желтоқсандағы соттың шешімімен анықталған.
Талап қоюшы өзінің талап қоюында балаға қатысты өзінің әкелігі анықталған соң, баланың тегі анасының тегінде болғанымен келіспей, балаға оның тегі берілуге тиіс деп осындай талаппен сотқа жүгінген.
Сот отырысында талап қоюшы талабын қолдап, қанағаттандыруды сұрады. Балаға алимент төлегеннен басқа оның өміріне араласпайтынын дауламады, болашақта оны қолға алуды жоспарлайды.
"Жауапкер талаппен келіспей, талап қоюшы баланы мүлдем танымайтынын, бала 5 жасқа толғанша өзінің тегінде болғандықтан және бала оған үйренгендіктен, оны өзгертуге қарсы болды",- делінген ақпаратта.
Қазақстан Республикасының "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексінің" 63-бабына сәйкес, баланың тегi ата-аналарының тегiмен айқындалады. Ата-аналарының тегi әртүрлi болған кезде ата-аналарының келiсiмi бойынша балаға әкесiнiң немесе анасының тегi берiледi. Ата-аналар арасында баланың атына және (немесе) тегiне қатысты туындаған келiспеушiлiктер сот тәртiбiмен шешiледi.
Сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге сәйкес, бала туғалы тек жауапкермен (анасы) тұрады, туғанда әкелігі анықталмаған және тегі анасының тегімен көрсетілген. Ал талап қоюшы бала туралы біле тұра, оған қатысты әкелігін анықтау және ата-аналық міндеттерін орындау бойынша еш шара жасамаған.
"Осыған байланысты, баланың тегін талап қоюшының тегіне өзгерту баланың мүдделеріне сәйкес емес деген тұжырымға келіп, сот талап қоюды қанағаттандырусыз қалдырды",- деп мәлімдеді сот.
Бұған дейін Алматы облысындағы тау баурайында автокөлік аударылғандығы хабарланған болатын.