"Балалардың көзінше жақ сүйегімді сындырды": алматылық тұрғын бұрынғы күйеуін жазалауды сұрайды
Фото: pexels
Бейнежазбада оқиға салдары мен ауруханадағы ем-дом барысы көрсетілген.
Жәбірленушінің айтуынша, олар ажырасып кеткеніне үш жыл болған. Алайда 2025 жылдың тамызында ер адам балаларды көру сылтауымен үйіне келген.
"Әуелі тиісе бастады, бас тартқан соң балалардың көзінше ұра бастады. Бас миым шайқалды, жақ сүйегім екі жерден сынған, мұрнымды сындырды. Жақ сүйегімді орнына салу мүмкін болмағандықтан, екі жерге титан пластина қойылды", – дейді әйел.
Оның айтуынша, оқиғадан бері үш апта өтсе де, бұрынғы күйеуі жауапқа тартылмаған.
Бейнеүндеуде әйел халықтан көмек сұрайды:
"Адамдар, көмектесіңіздер! Мен – екі баланың анасымын. Неге қылмыскерлер бостандықта жүр? Неге көшеде түкіргені үшін қамайды да, кісі өлтіруге әрекет жасағандарды іздемейді?"
Алматы қалалық Полиция департаменті аталған деректі растады. Ведомствоның хабарлауынша, 28 тамызда Жетісу аудандық полиция басқармасына қала тұрғынын жарақаттағаны туралы шағым түскен.
"Сол күні 36 жастағы ер адамға қатысты Қылмыстық кодекстің 107-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу аяқталған соң заңға сәйкес шара қолданылады", – деп нақтылады полиция департаменті.
Заңның қатаңдатылғанына қарамастан, тұрмыстық зорлық-зомбылық деректері әлі де тіркелуде. Мәселен, 2025 жылдың 19 тамызында Атырауда 39 жастағы әйел күйеуінің қолынан қаза тапты. Екі бала анасынан айырылды.