Алматылықтар неге хабарлама алды: ТЖМ түсіндіріп берді
Фото: Zakon.kz
Министрлік мәліметінше, сейсмодатчиктердің деректері бойынша Қырғызстан аумағында Алматыдан 135 км қашықтықта оңтүстік батысқа қарай сейсмикалық оқиға тіркелді, ол халық пен инфрақұрылым нысандарына қауіп төндірмеді.
Сейсмикалық оқиға туралы хабарлама автоматты түрде қалыптастырылды. Бұл хабарлама жүйенің тестілік-іс режимінде жұмыс істеуінің бір бөлігі болып табылады сондай ақ қате емес.
Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеу орталығының датчиктері мен жабдықтарын MassAlert жаппай хабарлау жүйесіне интеграциялау жұмыстары жалғасуда.
Мамандар сейсмикалық станциялар мен датчиктерді зерттеп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауда.
Халыққа жолданатын хабарламалар болашақта барынша нақты әрі түсінікті болуы үшін параметрлер мен алгоритмдерді нақтылау және баптау жұмыстары жүргізілуде.
21 қыркүйекте сағат 16:25-те Алматы тұрғындарына жер сілкінісі туралы шұғыл хабарлама келіп, қалада сілкініс сезілмеген. Кейін хабарламаның датчиктер арқылы тіркелген сейсмикалық оқиғаға байланысты автоматты түрде жіберілгені белгілі болған.