Алғабас ауылындағы өрт: Бектенов қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды
Фото: primeminister.kz
Олжас Бектенов 18 қарашада Түркістан облысы, Алғабас ауылында қайғылы оқиға болғанын еске салды.
"Үкімет атынан қаза тапқандардың туыстарына және жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Мемлекет басшысының тапсырмасымен өрттің себептерін тергеуге арналған үкіметтік комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Жарақат алғандарға және қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмек, оның ішінде материалдық және медициналық көмек көрсетіледі", – деді премьер-министр.
Сонымен қатар, Бектенов қыстық жылу беру кезеңі басталғаннан бері тұрғын секторында өрт саны артқанын атап өтті.
"Бұл мәселені біз қазан айындағы Үкімет отырысында қарадық. Қазір жағдайдың өзгергенін байқамаймыз. Сондықтан алдын алу және түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. ТЖМ-не өрттің алдын алу, адамдардың қаза табуы мен жарақат алу мәселелері бойынша орталық және жергілікті мемлекеттік органдар жұмысының үйлестіруін қамтамасыз етуді тапсырамын", – деп тапсырма берді Үкімет басшысы.
Әкімдіктер мен құқық қорғау органдарына өрт қауіпсіздігін күшейту тапсырылды
Әкімдіктерге ІІМ және ТЖМ күштерімен бірлесіп тұрғын секторында, әсіресе жатақханалар, хостелдер және әлеуметтік тұрмысы төмен азаматтардың үйлерінде рейдтер мен тексерулер жүргізу тапсырылды.
Аймақтық әкімдіктерге газтехникалық инспекция жұмысының тиімділігін күшейту, газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану бойынша алдын алу шараларын жүргізу міндеттелді.
"Бұл жағдайдан дұрыс сабақ шығарып, болашақта ұқсас жағдайлардың алдын алу үшін нақты ұсыныстар әзірлеу қажет", – деп атап өтті премьер-министр Олжас Бектенов.
2025 жылғы 18 қарашада таңертең Жетісай ауданы, Алғабас ауылындағы екі қабатты жеке үйде өрт шықты. Өртті сөндіру және тексеру барысында үйден үш адам ес-түссіз күйде эвакуацияланып, жедел жәрдем бригадаларына тапсырылды. Үйде 12 адамның мәйіті табылды, олардың тоғызы – балалар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты.