Іс айрықша бақылауда: Шымкентте Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты тергеу жалғасуда
Фото: polisia.kz
Журналистер Нұрайдың өліміне қатысты істің қандай сатыда тұрғанын, қазіргі уақытта қандай ақпарат бар екенін сұрады.
"Қажетті тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр, сот-медициналық сараптамалар тағайындалды, оқиға орнында көрсетімдері нақтыланды. Күдікті сот санкциясымен 2 айға қамауға алынды. Аталған қылмыстық іс аясында барлық қажетті тергеу іс-шаралары жүргізіліп, істің барлық мән-жайы жан-жақты, объективті және толық зерттеледі. Көріп отырғаныңыздай, тергеу Шымкент ПД тергеу-оперативтік тобы арқылы жүргізілуде", – деді Әділов.
Ол Шымкентке тәжірибелі жетекшілерден тұратын топ жіберілгенін де айтты. Бұл топқа Қылмыстық полиция департаменті мен Тергеу департаментінің орталық аппаратының мамандары кірген. Ішкі істер министрлігі тергеу барысын ерекше бақылауда ұстап отыр.
Айта кетсек, марқұм бойжеткен күдіктіні бір жылдан бері танитын көрінеді. Тіпті жігіт қызды алып қашып, мәжбүрлі түрде некеге отырмақ та болған. Алайда, ата-анасы полиция ертіп барып, бойжеткенді алып кеткен. Бұл ретте, құқық қорғау органдары тарапынан ешқандай шара қолданылмай, қылмыстық іс қозғалмаған. Оқиғадан кейін де, күдікті Нұрай Серікбайды аңдуын қоймай, қорқытып үркіткен. Ақыр соңы қайғылы жағдаймен аяқталды.
Оқиғаға қатысты 20 қаңтар күні мемлекет басшысы пікір білдіріп, шұғыл түрде жауаптыларды жазаға тартуды тапсырды. Сол күні, тапсырма аясында Шымкент қаласы ПД бастығы Нұрлан Алмасбеков пен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылды.