"Студенттерді қара жұмысқа жеккен". Түркістанда колледж жатақханасынан шу шықты
Сурет: freepik
Ақпарат әлеуметтік желіде пайда болды. Кеңінен тараған видео сипаттамасында Түркістандағы көпсалалы индустриалды-техникалық колледждің студенттері жатақхананың едендерін жууға, соның ішінде ұлдар тұратын бөлмелерді, дәретханаларды тазалауға мәжбүрлеген делінеді. Ал мұны жасамаса, жатақханадан қуылатындарын айтып, доқ көрсетілген.
Түркістан облысының білім басқармасы бұл жағдайды бақылауға алғандарын, арнайы комиссия құрылғанын және жан-жақты тексеру жүргізілетінін мәлімдеді.
"Қазіргі уақытта колледжде 1072 студент оқиды, оның 80-і жатақханада тұрады. 2026 жылғы 23-25 ақпанда облыстық спартакиаданың өткізілуіне байланысты іс-шараға қатысушыларды жатақханаға орналастыру қажеттілігі туындады. Осыған байланысты тәрбиеші мен вахта қызметкерлері студенттерге бос бөлмелерді жинастыруға көмектесуді сұрап, ауызша ұсыныс жасады. Ер студенттер болмағандықтан, қыздардан көмек сұралды. Салдарынан жекелеген білім алушылар арасында түсініспеушілік туындады", делінген түсініктемеде.
Қазір студенттермен және олардың ата-аналары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны нақтыланады. Ішкі бақылауды күшейту және болашақта осындай жағдайлардың алдын алу бойынша қосымша шаралар қабылданды.
"Тексеру қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға құқықтық баға беріліп, тиісті шешім қабылданады", - деп түйіндейді ведомстводан.
Аталған оқиғаға қатысты ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті де үн қатты.
"Аталған факті бойынша білім басқармасы жұмыс комиссиясын құрғанын хабарлаймыз, олар жатақханаға барып, барлық мән-жайларды анықтау үшін тексеру жүргізді. ҚР заңнамасына сәйкес, кәмелетке толмаған білім алушыларды жұмыс жасауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ оларға қысым көрсетуге жол берілмейді. Бұл баланың құқықтарын бұзу болып табылады және балалар еңбегін пайдалануға тыйым салынады. Тексеру қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға сөгіс түріндегі тәртіптік шаралар қолданылды. Студенттер мен ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде", деп түсіндірді ведомстводан.
Бұған дейін Алматы тауларында қар көшкіні кезінде студенттің қаза тапқаны хабарланған.