Павлодар облысында полицейлер шетелдік қонақтарға арналған акция өткізді
Сурет: ҚР ІІМ
Бүгін біз "Қонақтың алғашқы ережесі" атты ауқымды ақпараттық акция өткізіп жатырмыз. Іс-шараның мақсаты — Қазақстанға келетін шетел азаматтарының құқықтық сауаттылығын арттыру, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Әрбір шетелдік азамат еліміздің заңнамасын білуге және сақтауға міндетті. Наурыз — қонақжайлық пен бірліктің мерекесі. Біздің міндетіміз — тек құжаттарын тексеру емес, құқықтық кеңістікте бағыт-бағдар беру. Әрбір қонақ елімізге келген сәттен бастап өзін қауіпсіз сезінуі тиіс, — деді Павлодар облысы ПД көші-қон полициясы басқармасының бастығы Қанат Сартов.
Көші-қон қызметінің қызметкерлері шетелдіктерге Қазақстан Республикасының аумағында болу және заңды тұру қағидаларын жан-жақты түсіндірді.
Тіркелу мерзімдері мен жаңартылған көші-қон заңнамасының талаптарына ерекше назар аударылды. Бұл өз кезегінде әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар киберқауіпсіздік мәселесі де талқыланды.
Онлайн-алаяқтық деректерінің көбеюіне байланысты шетел азаматтарына интернет-алаяқтардың схемаларын қалай тануға болатыны, жеке деректер мен банк шоттарын қалай қорғау қажеттігі, күмәнді қоңыраулар мен мессенджерлердегі хабарламалар түскен жағдайда қайда жүгіну керектігі жөнінде практикалық кеңестер берілді.
Полицейлер азаматтарды толғандырған барлық сұраққа — ЖСН алу тәртібінен бастап уақытша тұру шарттарына дейін толыққанды жауап беруге тырысты. Мұндай профилактикалық жұмыстар шекаралық бекеттерде құқық бұзушылық тәуекелдерін азайтып, шетел азаматтарының құқық қорғау жүйесіне деген сенімін арттыруға ықпал етеді.