Алматыда 500 келіден астам есірткі тәркіленді
Фото: Zakon.kz/Оксана Даирова
Алматы қаласының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде есірткі қылмысына қарсы күрес негізгі басым бағыттардың бірі болып қала береді. Бұл туралы халық алдында есеп беру кездесуінде Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов мәлімдеді.
Оның деректеріне сәйкес, есепті кезеңде есірткінің заңсыз айналымы саласында 629 құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Оның ішінде 279-ы – өткізу фактілері.
Көлеңкелі нарыққа 500 келіден астам есірткі затының түсуіне жол берілмеді. Оның ішінде 54 келіден астамы синтетикалық заттарды құрайды. Осылайша шамамен 2,5 мың доза есірткі айналымға түспей, қоғамнан оқшауланды.
"Есірткі қылмысы – ұлт денсаулығына және жастардың болашағына тікелей қауіп. Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша және ведомствоның тұрақты бақылауында наркоқауіпке қарсы іс-қимыл күшейтілуде. Әсіресе жылдам таралып, ауыр зардаптарға әкелетін синтетикалық есірткілер ерекше қауіп төндіреді. Осыған байланысты біз тек жедел жұмысты ғана емес, профилактикалық шараларды да күшейтіп отырмыз. Есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі арнайы кеңес құрылып, мемлекет пен қоғамның күш-жігері біріктірілді, – деді Айдын Кабдулдинов.
Полиция мәліметінше, жұмыс бірнеше бағытта жүргізілуде. Атап айтқанда, профилактика, цифрландыру және халықаралық ынтымақтастық қамтылған. Қазіргі таңда жасанды интеллект негізіндегі талдау жүйелері, ұшқышсыз ұшу аппараттары және дәлелдемелермен жұмыс істеуге арналған цифрлық шешімдер кеңінен енгізілуде. Сондай-ақ есірткі жарнамасына қарсы күреске ерекше назар аударылуда.
Еріктілер мен бейжай қарамайтын азаматтардың қатысуымен есірткіні насихаттайтын 15 мыңнан астам граффити жойылып, 2 мың 900-ге жуық интернет-ресурс анықталып, бұғатталған. Азаматтардың көмегімен есірткі таратуға қатысы бар 92 адам ұсталып, барлығы қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
"Бүгінде интернет пен медиа кеңістікте есірткіні романтизациялауға жол бермеу аса маңызды. Кез келген насихат әрекеттері қатаң түрде тоқтатылуы тиіс. Әлеуметтік желілер, мессенджерлер және граффити арқылы есірткі тарату үшін мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Мұндай фактілер анықталып, кінәлілер тиісті жазасын алды, – деп атап өтті Айдын Кабдулдинов.
Сонымен қатар 1 қаңтардан бастап азот тотығының айналымы үшін жауапкершілік күшейтілді. Ол күшті әсер ететін зат ретінде танылып, заңсыз сақтау және тарату үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Жыл басынан бері тиісті фактілер анықталып, қылмыстық істер қозғалды. Полиция атап өткендей, есірткі қылмысына қарсы күрес – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. Бұл бағыттағы жұмыстар келер ұрпақтың қауіпсіздігімен тікелей байланысты.