Полиция қызметкерінің мәйіті жол маңынан табылды: тергеу жүріп жатыр
Фото: Zakon.kz
Әлеуметтік желілердегі мәліметке сәйкес, 2026 жылғы 23 маусымда Кеген ауданында, Көкпек – Көктал – Кеген автожолының 52-шақырымында, Кеген асуы маңында жолдан тыс аумақта ер адамның өртенген мәйіті табылған. Кейін оның Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасының жедел уәкілі екені анықталды.
Мәйіттің толық өртенгені және оқиға орнын қарау барысында марқұмның оң қолынан арқанның қалдығы табылғаны хабарланды.
Сонымен қатар, жүргізілген тергеу барысында қылмысқа қатысы болуы мүмкін деген күдікпен марқұмның жұбайы мен олардың кәмелетке толмаған ұлы тексеріліп жатқаны белгілі болды. Әйелі бұған дейін Бостандық аудандық полиция басқармасында қызмет еткен.
Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберілген. Жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктілер анықталып, олардың қатарында жұбайы мен ұлы бар екені хабарланды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қылмыстық іс қай бап бойынша қозғалғаны әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін Жетісу облысының Текелі қаласында көпбалалы ананың күйеуін өлтірді деген күдікке ілінгені хабарланған болатын.