Алматыда сел қаупіне байланысты тұрғындар шұғыл эвакуацияланып жатыр
Фото: Zakon.kz
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Наурызбай ауданындағы сел қаупіне байланысты Ақсай өзенінің арнасы бойында тұратын тұрғындарды алдын ала эвакуациялау жүргізілуде.
"Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олар уақытша Наурызбай ауданындағы мектептер базасында ұйымдастырылған қабылдау пункттеріне орналастырылып жатыр, – делінген хабарламада.
Министрлік жедел штаб құрған. Азаматтық қорғау қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Сондай-ақ 8 (727) 279-22-32 нөмірі бойынша жедел желі іске қосылды. Қазіргі уақытқа дейін оған төрт қоңырау түскен.
ТЖМ барлық іс-шаралар жоспарлы түрде жүргізіліп жатқанын және жағдай толық бақылауда екенін мәлімдеді.
Бұған дейін Алматының Наурызбай ауданы тұрғындарының телефондарына су басу қаупі туралы ұлттық ескерту хабарламасы жіберілген болатын.
Ал "Қазгидромет" таулы аймақтарда қатты жауын-шашынның болжануына байланысты Алматы маңында сел жүру қаупі сақталатынын ескерткен еді.