Астанадағы су тасқыны: әкімдік зардап шеккен көлік иелеріне қайда шағымдануға болатынын айтты

Нөсер жаңбыр, Астана, су тасқыны, әкімдік зардап шеккендер, көлік, шағым , сурет - Zakon.kz жаңалық 31.07.2026 17:48 Сурет: pixabay
Астана қаласының әкімдігі су тасқынынан автокөлік бүлінген жағдайда оған кім жауапты екенін және олардың иелері қайда жүгінуіне болатынын айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Әлеуметтік желіде Астана тұрғыны Анар Долдырина 23 шілдеде нөсер жауыннан кейін көлігі су астында қалғанын жеткізді. Ол бұл жағдайдан өзіне келген шығынды шамамен 35 миллион теңгеге бағалап отыр. Бойжеткен Президент әкімшілігіне өтініш жолдағанын, сондай-ақ коммуналдық қызметтердің жұмысы мен жолдардың сапасына шағымданғанын да айтады.

"Біздің көлігіміз су астында қалып, бейнелеп айтқанда, су бетінде қалқып жүрді. Жүк көліктері жанымыздан өткенде көлігіміз теңселіп кетті. Бірнеше рет автобустар да өтті. Өте қорқынышты болды. Өкінішке қарай, біз көлігімізден айырылдық, оны қалпына келтіру мүмкін емес. Құтқарушыларға рақмет, олар бізді көлшіктен алып шықты. Бұл асықпай азаптауға ұқсайды. Шарасызсың, қолыңнан ештеңе келмейтінін түсінесің. Тек қарап отырудан басқа амал қалмады", - дейді Анар Долдырина видео үндеуде.

Елордалық ведомство өкілдері аталған жағдайға қатысты түсініктеме беріп, жауапкершілік белгіленген мән-жайларға және міндеттерді бөлуге байланысты жолдың тиісті учаскесінің иесіне, жолды күтіп-баптап ұстауды жүзеге асыратын ұйымға немесе жаңбыр суын ағызатын желі иесіне немесе оны пайдаланатын ұйымға жүктелуі мүмкін екенін атап өтті.

"Тиісті объектіні тиісінше күтіп-баптап ұстамау, су бұру құрылыстарында ақаудың болуы немесе уақтылы қызмет көрсетілмеуі, қауіпті жою, қозғалысты шектеу бойынша жекелеген ескерту шараларын қолданбау жауапкершілікке негіз болуы мүмкін. Сонымен қатар, мол жауын-шашынның түсуі немесе жолды су басу фактісінің өзі белгілі бір мемлекеттік органның немесе коммуналдық ұйымның автоматты түрде жауапкершілігін танытпайды", деп хабарлады Астана қалалық әкімдігі.

Сондай-ақ әкімдік жүргізушінің өз әрекеттері де ескерілетінін айта кетті. ҚР Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) 935-бабына сәйкес, егер жәбірленушінің дөрекі абайсыздығы зиянның пайда болуына немесе ұлғаюына ықпал етсе, өтемақы мөлшері жәбірленуші мен зиян келтірушінің кінәсінің дәрежесін ескере отырып азайтылуы мүмкін. Мысалы, құқықтық бағалау кезінде жүргізушінің су басқан учаскені, ескерту белгілерін, қоршауларды жекелеген шектеулерді көрген-көрмегені, қауіпсіз бағытты таңдау мүмкіндігінің болуы, сондай-ақ қозғалыс жылдамдығының жол жағдайына сәйкестігі ескерілуі мүмкін.

Залалды өтеу туралы талап қою үшін автокөлік иесі оны мынандай құжаттармен растауы қажет:

  • Оқиғаның дәл орны мен уақытын;
  • Жол учаскесін су басу фактісін;
  • Көлік қозғалысының мән-жайларын;
  • Жол белгілерінің, қоршаулар мен ескертулердің болуын немесе болмауын;
  • Автокөліктің бүлінуін;
  • Техникалық қызмет көрсету станциясының, маманның немесе сарапшының қорытындысын;
  • Гидросоққының болуын және оның қозғалтқышқа судың түсуімен байланысын;
  • Қалпына келтіру, жөндеу жұмысының құнын;
  • Эвакуациялауға, диагностикаға, бағалауға және автокөлікті сақтандыруға жұмсалған шығындарды;
  • Жолдың немесе су бұру жүйесінің жай-күйі мен көлік құралының зақымдануы арасындағы себеп-салдарлық байланысты.

Автокөлік иесі ықтимал жауапты тұлғаға залалды өз еркімен өтету туралы жазбаша шағым жіберуге құқылы. Келісімге қол жеткізілмеген жағдайда, дау азаматтық заңнамада көзделген тәртіппен соттың қарауына берілуі мүмкін.

Залалды өтеуге негіздердің болуы, тиісті жауапкер және өтемақы мөлшері туралы түпкілікті шешім жиналған барлық дәлелдемелерді ескере отырып, ал өз еркімен реттелмеген жағдайда – сотпен қабылданады.

"Су басқан жол учаскелерімен жүру кезінде автокөліктерге келтірілген залалды өтеу туралы мәселе әрбір нақты жағдайдың мән-жайын ескере отырып жеке қаралады. Материалдық залалды өтеу туралы кез келген талаптар қанағаттандырылуы мүмкін емес, өйткені Қазақстан Республикасы Жол жүрісі қағидаларының 72-тармағына сәйкес, жүргізуші байқай алатын қозғалыс үшін кедергі және (немесе) қауіп төнген кезде ол транспорт құралының жылдамдығын толық тоқтағанға дейін төмендетуге немесе жол жүрісінің басқа қатысушылары үшін қауіпсіз болып табылатын кедергіні айналып өтуді жүзеге асыруға міндетті".

Жергілікті билік өкілдері жол төсемін су басу төтенше қарқынды (нөсер) атмосфералық жауын-шашынның түсуі салдарынан болатынын ескеру қажеттігін нақтылады. Бұл кенеттен туындайтын табиғи құбылыс болып табылады және тіпті нөсер суын ағызу арнасы дұрыс жұмыс істеп тұрған кезде де үстіңгі суларды лезде бұруды қамтамасыз етуге әрқашан мүмкіндік бола бермейді. Жауын-шашын кезеңінде жаңбыр канализациясы жүйесінің өткізу қабілеті уақытша асып кетуі мүмкін, осыған байланысты қысқамерзімді жергілікті су басудың пайда болуы көше-жол желісінің тиісінше күтіп-баптап ұсталмады дегенді өздігінен білдірмейді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: