Алматыда есірткі таратумен айналысқан кәмелетке толмаған бойжеткен ұсталды
Фото: pxhere
Бұл туралы 2026 жылғы 2 тамызда қалалық ПД баспасөз қызметі мәлімдеді. Ведомство мәліметінше, Медеу ауданында полицейлер такси көлігін тоқтатты. Көлік ішінде үш кәмелетке толмаған қыз болған. Жедел мәліметтерге сәйкес, олардың бірі есірткіні жасырын орындарға қалдыру арқылы таратумен айналысқан.
"Қалған екі қыздың бұл әрекеттен хабардар болған-болмағаны және олардың ықтимал қатысы тергеу барысында анықталады",- деп мәлімдеді полицейлер.
Жеке тінту кезінде күдіктіден түрлі түсті оқшаулағыш таспамен оралған көптеген түйіншек тәркіленді. Олардың ішінен өсімдік тектес заттар және алдын ала мәлімет бойынша кристалл түріндегі синтетикалық есірткі анықталды. Күдікті өз түсініктемесінде есірткіні жасырын орындарға қалдыру арқылы таратқанын мойындаған.
Қазіргі уақытта полицейлер жасөспірімді қылмыстық әрекетке кімнің тартқанын, есірткінің жеткізу арнасын және заңсыз схеманы ұйымдастырушыларды анықтап жатыр.
Сонымен қатар кәмелетке толмаған қыздың мұндай жолға түсуіне не себеп болғаны, ата-анасының бақылауы мен тәрбиесіне қатысты жағдайлар жан-жақты зерделенуде.
"Полиция ата-аналарды балаларының бос уақытын, интернеттегі байланысын және араласатын ортасын назардан тыс қалдырмауға шақырады. Өйткені жеңіл табысқа деген қызығушылық кейде баланың бүкіл тағдырына ауыр салдарын тигізуі мүмкін".Алматы қаласы ПД
Бұған дейін экс-әкім сот үкімін 8 миллион теңгеге "сатып алмақ" болғанын жазғанбыз.