Маңғыстау облысында бір отар қой қырылып қалды

Қой, Маңғыстау облысы, Бейнеу ауылы, бір отар, қырылу, сурет - Zakon.kz жаңалық 29.09.2026 19:35 Сурет: pixabay
Маңғыстау облысында бір отар қой қырылып қалды. Алайда оның себебі, әзірге анықталған жоқ, деп хабарлайды Zakon.kz.

Lada.kz басылымы Бейнеу ауылындағы қоралардың бірінде қырылып жатқан қойлардың видеосымен бөлісті. Видеода ер адам болған жағдайға наразылық білдіріп, кінәні судан көреді.

Бейнеу ауданының әкімдігі бұл оқиғаны растады.

"28 қыркүйекте сағат 10:02-де әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында WhatsApp-та тараған ақпарат анықталды. Хабарламада қойлар "Бейнеу Су Сервис" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының маңында пайда болған шалшық (су қоймасынан) суды ішкеннен кейін өлуі мүмкін екені айтылған. Бейнеу ветеринария станциясы мен аудандық аумақтық инспекцияның мамандары оқиға орнына барып, Бейнеу ауылы тұрғынының шаруашылығында малдың қырылғанын анықтады. Бұл ретте малдың неден өлгені, әзірге анықталған жоқ", деп түсіндірді жергілікті әкімдік.

Бейнеу аудандық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Тұралы Жолышовтың айтуынша, зертханалық талдау үшін су көзінен және өлген малдан сынамалар алынды. Зерттеу нәтижелері 10 күн ішінде дайын болады.

Өлген қойлардың еті өртеліп, барлық ветеринариялық талаптарды сақтай отырып, арнайы биотермиялық шұңқырда жойылды. Қораға дезинфекция жасалды. Қалған малдан ешқандай жұқпалы ауру белгілері анықталған жоқ.

Оқиға орнында сала мамандары жұмыс істеп жатыр, жағдай аудан әкімінің жеке бақылауында.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: