Ақтаудағы 9 жасар баланың өлімі: Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме берді
Фото: Zakon.kz
Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 19 қыркүйекте Мұнайлы орталық аудандық ауруханасына 2016 жылы туған бала жатқызылған.
"Бала ысталған балық өнімін жегеннен және аурудың алғашқы белгілері байқалғаннан үш тәулік өткен соң медициналық көмекке жүгінген. Ол дереу ауруханаға жатқызылды. Сол кезде жағдайы аса ауыр деп бағаланды. Қосымша тексерулерден кейін бала сол күні облыстық балалар ауруханасына ауыстырылып, бірден жансақтау және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды. Клиникалық белгілеріне сүйене отырып, тағамдық ботулизмге күдік келтірілді", – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі 8 қазанда.
Балаға ботулизмге қарсы сарысу енгізіліп, ол өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Қажетті қарқынды емдеу шараларының барлығы жүргізілген.
"Көрсетілген медициналық көмек пен жүргізілген реанимациялық шараларға қарамастан, аурудың ауыр өтуі салдарынан баланың ағзасында қайтымсыз өзгерістер пайда болды. Ми ісінуі, көптеген ағза қызметінің жеткіліксіздігі және III дәрежелі кома дамыды. 6 қазанда баланың қайтыс болғаны тіркелді", – деп мәлімдеді ведомство.
Министрліктің мәліметінше, қалған үш науқас қажетті медициналық көмек алып, дәрігерлердің бақылауында жатыр.
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында тұратын отбасы мүшелері 2026 жылғы 17 қыркүйекте туысының туған күніне барғаннан кейін өздерін жайсыз сезінген. Туыстарының айтуынша, дастархандағы негізгі тағам тоңазытқыштан алынған ысталған қызыл балық болған.
Бір-екі күннен кейін отбасы мүшелерінің жағдайы нашарлап, олар облыстық ауруханаға жатқызылған. Науқастар өкпені жасанды желдету аппараттарына қосылып, оларға ботулизмге қарсы сарысу енгізілген. Олардың арасында ботулизмнің ауыр түрі анықталған 9 жастағы бала да болған.
Дәрігерлер ботулизмді емдеуде уақыттың шешуші маңызы бар екенін атап өткен. Медициналық көмекке кеш жүгіну науқастың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Баланың туыстары жергілікті биліктен елордадағы қажетті бейінді мамандарды шақыртуды сұраған. Бұған дейін Ақтауға санитариялық авиациямен реаниматолог, инфекционист және невролог келетіні хабарланған еді.
7 қазанда Ақтауда ботулизмге шалдыққан 9 жастағы баланың қайтыс болғаны белгілі болды. Туыстарының айтуынша, ауруханаға түскен баланың әкесінің жағдайы тұрақтанған. Отбасының тағы екі ересек мүшесі облыстық көпбейінді ауруханада ем қабылдап жатыр.