Қазақстан мен Ресей арасындағы үкіметаралық комиссияның 23-отырысы өтті
ҮАК тең төрағалары болып Қазақстан тарапынан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Ресей тарапынан Ресей Федерациясы Премьер-Министрінің орынбасары Алексей Оверчук қатысты.
Primeminister.kz-тің хабарлауынша, тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық, отын-энергетика кешені, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы және т.б. салалардағы өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін талқылады.
Қазақстан мен Ресей мемлекетаралық қатынастардың барлық спектрі бойынша екіжақты өзара іс-қимылдың дәстүрлі жоғары деңгейіне ие, бұл үкіметтің әртүрлі деңгейлеріндегі кездесулердің қарқындылығымен расталады.
Ресей Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі болып қала береді. Биыл екі ел дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толады. 2021 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 24,2 млрд долларды құрады, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 29,1%-ға артық.
Отырыс соңында Бақыт Сұлтанов екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша өзара іс-қимылды одан әрі арттыруға дайын екенін растады.
Талқылау нәтижесінде Қазақстан-Ресей Үкіметаралық комиссиясының XXIII отырысының Хаттамасына қол қойылды. Үкіметаралық комиссияның келесі XXIV отырысы 2023 жылы Қазақстан Республикасында өтеді.