Орталық сайлау комиссиясы "Ақжол" демократиялық партиясының партиялық тізімін тіркеді
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 6 ақпанда "Қазақстанның "Ақжол" демократиялық партиясы" қоғамдық бірлестігі партиялық тізімді ұсыну туралы құжаттарды тапсырды. ОСК "Ақжол" демократиялық партиясы ұсынған кандидаттардың Конституция мен "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" конституциялық заң талаптарына сәйкестігін анықтау бойынша қажет рәсімдерді жүргізді.
ОСК мүшесі Асылбек Смағұлов тіркеуге бір саяси партиядан бір ғана тізім рұқсат етілгенін атап өтті. Партиялық тізімде үш санат өкілдердің саны (әйелдер, 29 жасқа толмағандар және мүгедектігі бар адамдар) 30 пайыздан кем болмауға тиіс.
"Ақжол" ҚДП 54 адамнан тұратын партиялық тізім ұсынды. Тізімге 18 әйел, жастар өкілдері және мүгедектігі бар адамдар кірген, бұл тізімге енгізілген жалпы санның 33,3%-ына тең. ОСК уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мәжіліс депутаты болып сайлау үшін тізімге енгізілген адамдардың сәйкестігін тексерді. Тізімге енген барлық тұлға Конституцияның және Сайлау туралы конституциялық заңның талаптарына сәйкес келеді". Асылбек Смағұлов
ОСК хабарлағандай, партиялық тізім ұсынған саяси партиялар партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін партия қаражатынан ОСК шотына ең төменгі жалақының 15 еселенген мөлшерінде (1 050 000 теңге) сайлау жарнасын енгізуі керек. Бұл ретте Парламент мәжілісі депутаттарының бұрынғы сайлауында 5% және одан да көп дауыс алған партиялар сайлау жарнасын төлемейді.
"2021 жылғы қаңтарда өткен Мәжіліс депутаттарын сайлауда "Ақжол" демократиялық партиясы 10,9% дауыс жинады, осылайша "Ақжол" партиясы сайлау жарнасын төлеуден босатылды". ОСК мүшесі Асылбек Смағұлов